Алматыда көлік қозғалысы жеңілдейді

Алматыда бірнеше көшеге жаңа жолдар салынып, жүздеген көлікке арналған көпдеңгейлі автотұрақтар салынбақ. Бұл туралы LS қалалық мобильділік басқармасынан білді.
Ведомствоның мәліметінше, мегаполис орталығында қарбалас уақыттарда көлік қозғалысының жылдамдығы сағатына 10-15 шақырымға дейін баяулайды. Осыған орай, 2030 жылға дейін көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған мастер-жоспар жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында көшелерді кеңейту және жаңа жол айрықтарын салу көзделген.
Мысалы, Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Монке би көшесіне дейін ұзарту жұмыстарына 19,7 млрд теңге бөлінген. Жобаны биыл аяқтау жоспарланып отыр. Бұған дейін, сәуір айында қозғалыстың кешігуіне бір үйдің мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алынбауы себеп болғаны хабарланған. Бұл мәселеге байланысты сот процестері жүргізілген. Енді қозғалыс шілде айында ашылады деп жоспарлануда.
Рысқұлов көшесін Фариза Оңғарсынова көшесінен бастап қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстарына 6,45 млрд теңге қарастырылған. Жобаның 2026 жылы аяқталуы жоспарланып отыр.
Ал Абай даңғылы Ауэзов көшесінен Қалқаман ықшамауданы арқылы қала шекарасына дейін жеткізіліп, бұл бағыттағы қозғалыс ашылды. Жобаға 3,5 млрд теңге жұмсалған.
Төле би көшесін Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жобасына 19,2 млрд теңге қажет. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланып отыр.
Ал Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзартуға 13,1 млрд теңге бөлінеді. Бұл жобаның құрылысы 2025 жылдың қараша айында аяқталмақ.
Бұған қоса, қазір бірқатар инфрақұрылымдық жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Атап айтқанда: Солтүстік сақина жолын қала шекарасына дейін ұзарту, Тлендиев көшесін Рысқұлов даңғылынан шекараға дейін созу және Муканов көшесін Райымбек даңғылынан Макатаев көшесіне дейін ұзарту жобалары.
Алдар Көсе көшесін Сейфуллин даңғылынан Жамақаев көшесіне дейін жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл жобаға 300 млн теңге бөлінген, жұмыстар 2026 жылға дейін жалғасады.
Сондай-ақ, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында көлік жолайрығының құрылысы жүріп жатыр. Нысанды биыл пайдалануға беру көзделген.
Сондай-ақ, биыл Бостандық ауданындағы Көктем-3 ықшамауданында 207 көлікке арналған көпдеңгейлі автотұрақтың құрылысы басталады.
Ал қыркүйек айында Алмалы, Әуезов, Бостандық және Медеу аудандарында жүктемесі көп көшелер бойынан 10 мыңнан астам көлікке арналған тротуар типтес тұрақ орындары пайдалануға беріледі.
Алматыда жол қозғалысын басқару тиімділігін арттыру мақсатында Интеллектуалды көлік жүйесін енгізетін Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы құрылатын болды.
Бұған дейін, LS редакциясы мегаполистегі жол жүктемесін азайтуға бағытталған шаралар жөнінде хабарлаған еді.